«Боран-304» патрульдік полиция капитаны Азамат Бегімбеков пен полиция аға сержанты Бахыт Канетеев екі алматылықты өрттен құтқарды

          «Кешкі сағат жеті жарым шамасында «102» пультіне  Сүйінбай  даңғылының бойында төбелес болғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Біз тез арада оқиға орнына келдік, бірақ ешкімді таппадық. Қоңырау шалушымен қайтадан хабарласып,  айқай шудың 4 қабатты үйдің 3 қабатынан шыққандығын анықтадық. Есікті қаншама рет қақсақ та ешкім ашпады, жауап бермеді.  Бұл бізге күдік тудырды.   Әріптесім екеуіміз ғимараттың басқа жағынан айналып  келіп, пәтерлердің бірінің терезесінен қою түтінді байқадық та тез арада өрт сөндірушілер мен жедел медициналық жәрдемге қоңырау шалдық»- деп капитан Бегімбеков болған оқиғаны баяндады.

          Азамат Бегімбеков жедел арада қолда бар құралдардың көмегімен есікті ашып үлгерді, ал оның әріптесі  аға сержант Канетеев аталған үйдің тұрғындарын эвакуациялауға кірісті. Есік ашылған кезде, шамамен 50 жастағы ер адам кіреберістен ессіз күйде табылды. Тыныс алу органдарын қорғайтын  құралсыз өз өмірін  қауіпке тігіп, патрульдік полицей Бегімбеков зардап шегушіні тығыз және қауіпті түтінге толы аймақтан шығарып алды. Содан кейін үш бөлмелі  пәтердің түпкі  бөлмесінен  зардап шегушінің  ағасы 1961 жылы туған  азамат Б. құтқарылды.

         Полицейлер зардап шегушілерді жедел медициналық көмек бригадасына табыстады. Өрт сөндірушілер келгенде жатын бөлменің бұрышында матрас жанғаны анықталды. Өрт 7 минуттың ішінде сөндірілді. Алдын ала мәліметтер бойынша өрт сөндірілмеген темекінің тұқылынан шығуы мүмкін. Зардап шегушілерді құтқарған полиция капитаны Бегімбеков өзі де жеңіл дәрежеде уланып қалды. Дәрігерлердің тексеруі мен көмегінен кейін сапқа қайта оралды.

          Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығымен  жоғарыда  аталған полиция қызметкерлері  мадақтауға  ұсынылатын болады.

  Алматы қаласының ТЖД баспасөз қызметі