«Biz birgemiz» акциясы: Әуезов ауданында 100 отбасы азық-түлік себетін алды

Әуезов ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері кәсіпкерлікті қолдау бойынша әкімдікпен ұйымдастырылған  «Biz birgemiz» акциясына белсене қатысты.

Акцияның мақсаты - халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету.

Құтқарушылар барлық санитарлық ережелерді сақтай отырып, жеке қорғаныс құралдарын қолданып, әлеуметтік жағдайлары аз қамтылған 100 отбасыға аса  қажетті азық-түлік заттарын жеткізді. Олардың ішінде көп балалы отбасылар мен жалғыз басты зейнеткерлер болды. Азық-түлік себетіне шәй, жарма, макарон, көкөністер мен жемістер салынған. Бір қораптың салмағы 25 келі болды.

Қайырымдылық шарасына белгілі қазақстандық спортшы Ардақ Назаров қатысты. Ол азаматтарды қиын кезде бірігуге және мүмкіндігінше отандастарына көмектесуге шақырды.

«Біз біртұтас ел болуымыз керек. Қиын кездерде  мұқтаж адамдарға көмектесуіміз керек. Барлық алдын-алу шараларын сақтаңыздар. Үйде болыңыздар», - деп  ой бөлісті.

 Жалғыз басты зейнеткер Тұрсынгүл Жақсыбаева қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларды жайдары жүзбен қарсы алды. Ол өз кезегінде үйінде тамақтың азайғанын және көмектің  уақтылы келгенін айтып өтті.

«Ұйымдастырушыларға көп рахмет. Осы қиын кезеңде барлық қазақстандықтардың жиналғанын көріп отырмын. Бәріңізге  мықты денсаулық тілеймін », - деді Тұрсынгүл Жақсыбаева.

Айта кету керек, карантин режимі енгізілген с бастап 1500-ге жуық әлеуметтік  аз қамтылған отбасылар осындай тамақ себеттерін алды.

Аталған іс-шаралар үнемі  жалғасатын болады.

 

 Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі