Абайлаңыз! Алматының тау бөктерінде сырғыма көшкін!

2020 жылғы 18 сәуірде Медеу ауданындағы Керей-Жәнібек хандар көшесі №502 және «Тау-күні» оқу-сауықтыру кешенінің аумағында көлемі 7200 м3 сырғыма көшкін жүрді. Топырақтың массасы Кіші Алматы өзенінің арнасына түскенімен, өзен арнасын бөгемеді - су еш кедергісіз ағып жатты.

Ғимараттардың қирауы және зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.

Сырғыма көшкінінің жүруіне ағымдағы жылдың 14 сәуірінен 15 сәуіріне дейін жауған нөсер жаңбырдың салдарынан топырақтың 1 метрге дейін ылғалдануы себеп болды.

«Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану басқармасынан аталған мекен-жай бойынша алынған ақпаратқа сәйкес, көшкін жүру қаупі әлі де бар, кешендегі ғимараттардың (спортзал, бассейн және шаруашылық ғимараттың) құлауы мүмкін.

Осыған байланысты, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көшкін жүру қайталануы мүмкін жерлерді анықтады. Қауіпті жерлер барлық периметрдің айналасында таспамен белгіленіп, қоршауға алынды. Мекеме иесіне қауіпті аймаққа және онда орналасқан ғимараттарға адамдардың кіруін шектеу туралы хабарлама берілді.

Аталған оқиғалар туралы «Дармен» қосымшасы мен sms-хабарламалар арқылы қала тұрғындарына екі рет хабарланды. Таулардағы көшкін қаупі туралы дауылды ескерту әлі де күшінде.

Алматы қаласында көшкін жүру қаупі бар 41 учаске бар, бірақ бүгінгі күнге дейін қай учаскенің нақты қауіп төндіретіні туралы нақты ақпарат жоқ, нәтижесінде оларды жою шаралары анықталған жоқ.

Осыған байланысты, өткен жылы Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментімен Алматы қаласындағы көшкін қауіпті учаскелерді паспорттау ұсынылды, аталған ұсынысқа Әкім қолдау көрсетіп, жергілікті бюджеттен ағымдағы жылға 35 млн. теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ-мен келісімшарт жасалды, көшкін қауіпті учаскелерді паспорттау жұмыстары жүргізілуде.

Қала аумағында жыл сайын көктем маусымында негізінен таулы және тау бөктеріндегі аудандарда шамамен осындай бес көшкін болады.

Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап Медеу және Бостандық аудандарында жалпы көлемі 7220 м3 құрайтын сырғыма көшкіннің 4 оқиғасы тіркелді:

1. «Сұлусай»- «Юбилейный» ықшамаудандарының авто жолында (көлемі: 15 м3);

2. Курортная көшесі 75 (көлемі:2 м3);

3. Бостандық ауданы Жұмабаев көшесі 21 (көлемі:2 м3);

4. «Тау-күні» оқу-сауықтыру кешенінің аумағында (көлемі:7200 м3).

Нөсер жауын-шашынның, суару су құбырлары мен септиктердің жарылуы салдарынан топырақтың батпақтануы сырғыма көшкін жүруінің басты себебі болып табылады.

Алматы қаласының ТЖД баспасөз қызметі