АЛМАТЫДАҒЫ ТАУ БӨКТЕРІНДЕГІ ӨРТТІҢ ШЫҒУЫНА КІНӘЛІ АДАМ АНЫҚТАЛДЫ!

      Бостандық ауданы Бақтыгереев көшесіндегі №51 жеке үйдің иесі Васильев Максим 1977 жылы туған, тау бөктеріндегі өрттің шығуына кінәлі екені белгілі болды. Ол өз кінәсін мойындады, 23 сәуірде жеке учаскесінде қоршау орнатқанын түсіндірді. Металды кесу үшін электрлі дөңгелек кескішті қолданғандықтан ұшқын құрғақ шөптерге түсіп, 0,8 га жерді қамтыған өрттің шығуына себеп болды, бірақ үй иесінің тарапынан ешқандай шара қабылданбады! Өрт сөндіру бөлімін басқа адамдар шақырған.

         Өрт тез арада үлкен көлемге жайылып, қатты соққан желден жоғары беткейге таралып кетті. Көк жалынның саябақтағы үйлер мен 20 ГА аумақтағы алма бағына өту қаупі туындады. Өрт сөндірушілер өрттің таралуына жол бермей, жедел арада сөндіріп үлгерді. ТЖ Департаментінің қызметкерлерімен кінәлі тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410 бабының 1 бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

        Бұған дейін Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпті кезеңде жеке сектордың тұрғындарына үй учаскелеріндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын орындау туралы, өрт орын алған жағдайда кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке, ал ауыр зардаптар туындағанда қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы  ескертілген болатын.

 

 Алматы қаласының ТЖД баспасөз қызметі