Су тасқынына қарсы жағдай қалалық қызметтердің бақылауында!

Алматыда жаңбырдың айлық нормасының ¼ бөлігі бір түнде жауды. 14 мамырдан 15 мамырға қараған түні Алматыда 21 жергілікті су басу және ағаш құлауының 19 оқиғасы тіркелді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.

14 мамырда күндіз берілген  дауылды ескертуден кейін  қаланың барлық авариялық-құтқару қызметі  жоғары дайындықта болды. Кешке қарай  жиі су басатын учаскелерге адамдар мен су сорғы техникалары алдын-ала тартылды.  Оның ішінде 3 учаскедегі алдын алу жұмыстары өз нәтижесін берді. Қалған өтініштер келіп түскен бетте жедел түрде іске асырылып отырды. Ауласына су кіріп үлгерген 15 жеке тұрғын үйді су басу қаупіне жол берілмеді. Төрт оқиға бойынша жаңбыр суы жолдарға жайылып, екі оқиғада көп пәтерлі үйлердің жертөлелесіне құйылды.

21 су басу оқиғасының- жалпы санның 75 пайызы арық жүйелерінің өткізгіштігі төмен болғандықтан, қалған жағдайлар арықтардың қатты-тұрмыстық қалдықтармен бітеліп қалуынан туындады.

8 ағаш тұраққа қойылған көліктерге, 11-і жол бойына құлады. Зардап шеккендер жоқ, жолдардағы кептеліс жойылды.

Су басу салдарын жоюға өзара әрекеттесу қызметінің 131 қызметкері, 39 бірлік техника, 9 мотор сорғы жұмылдырылды.